Kitabı oxu: «Тәлімгерлер. Балалар үйі тәрбиеленушілерімен достық жайындағы боямасыз әңгімелер»

Şrift:

Бірінші бөлім. Алматы

Қабылдау және сақтау

«Мақсат – достықты мәңгі сақтау»

Тәлімгер – Анар, 31 жаста

Қамқорлықтағы бала – 13-тегі жасөспірім

2 жылдан бері жобада

Анар

Қамқорлығымдағы баламен арамыздағы қарым-қатынас күрделі болды.

Әу бастан бұл тартыс сияқты, ол мені өз өміріне араластырмады, ашылғысы келмеді, кері итерді. Арамыздағы жайтты түсінуге қанша тырысқаныммен, ол аяқ астынан менімен араласуды мүлде доғарды. Себебін біле алмай дал болдым. Жобаның үйлестірушілері де алаңдай бастады. Бірақ бір сәтте жағдайды бар қалпынша қабылдап, қамқорлығымдағы жанның шешіміне сенім арттым. Үш айдан соң ол өзі хабарласып, біз достығымызды қайта жаңғырттық. Сол кезден бастап байланыс нығайып, қарым-қатынасымыз дамудың жаңа сатысына өтті.

Төзімім мен жақсылыққа деген үмітім осынау күрделі кезеңнен өтуге септігін тигізгенін түсіндім. Рас, бұл соңғы кезең емес еді. Пандемия килікті, одан соң карантин жарияланып, біз жүздесе алмай қалдық. Ал балалармен, әсіресе, жасөспірімдермен арадағы қарым-қатынасты ұзақ үзілістен кейін, өкінішке қарай, қайтадан жандандыруға тура келеді. Бірақ бұл жігіт екеуіміздің мақсатымыз бар, ол – достықты мәңгі бақи сақтау. Әзірге қолымыздан келіп жатқан сияқты. Маған оның өз бойындағы ересектік пен балалығын біріктіре алу қабілеті, өз пікірінде тұра алатындығы, талғамы, жүректілігі, батылдығы, өзіне деген сенімділігі ұнайды. Қамқорлығымдағы адамның өзге де қасиеттерін, кейде оңай тимейтін, тіпті ыза қылатын қылықтарын да қадірлеймін. Дегенмен оң өзгерістердің барын да байқаймын. Мысалы, ол эмоциясы мен сезімдерін тануды және мойындауды үйрене бастады. Сондай-ақ өзінің қалауын жақсы ұғуды, ең бастысы, оны іркілмей айтуға дағдыланды. Айта кетерлігі, барынша мақсатқа ұмтылуды үйренді: мектепті сәтті аяқтап, жоғарғы оқу орнына түсіп, IT бойынша мамандық алғысы келеді. Бұған қоса, оның қаржылық сауаты да артты. Жалпы алғанда, ол ержетті, есейді, анағұрлым жауапкершілікті бола бастады және өз бетінше өмір сүруді үйренді. Араласқан мерзім ішінде бұл жігіт өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды, досымдай, бауырымдай болып кетті. Ал кейбір мәселелерде, қаншама тосын естілсе де, ол менің тәлімгерім тәрізді болды.

Жобаның қай-қайсымызға болса да, пайдасы тигені анық. Осы уақыт ішінде адамдардың әртүрлі екенін және сол фактіні қабылдау арқылы салауатты және ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнайтынын түсіндім. Тағы бір тапқанымыз – ойдағы күткенің мен қиялдағы «суреттер» әрдайым шындықпен сәйкесе бермейтінін, оны тек шындықты мойындай отырып, өзгертуге болатынын ұққанымыз.

Досыма өзіне деген сенімділік, жанына жақсы жандар мен жарқын да мейірлі болашақ тілеймін.

Жоба үйлестірушісінің пікірі

Анар мен оның қамқорлығындағы балаға талай қиындықтан өтуге тура келді. Шынын айтсақ, біз «бұл жұптың қарым-қатынасын мәжбүрлі түрде тоқтату керек» деп те ойлаған кезіміз болды. Оған дайын да едік.

Бірақ Анар соңына дейін жақсылыққа сеніп, келешекке үміт артты. Ол келісімшартты бұзудан бас тартып, сәл күте тұруымызды өтінді.

Төзімділік пен сенімнің арқасында тәлімгер мен оның қамқорлығындағы бала біте қайнасып, араласты. Қазір өзара жақсы қарым-қатынас орнаған. Анар оны үйіне қонаққа жиі шақырады. Бала да тәлімгердің жайлы, тыныш үйінде қонақ болуды ұнатады.

Қазір Анар құжаттарды жинап, қонақ отбасының келісімін рәсімдеуді жоспарлауда.

Ерек Адель

«Менің өмірлік тәжірибем мен қолдау түріндегі көмегіме мұқтаж жандар бар».

Тәлімгер – Анфиса, 37 жаста

Қамқорлықтағы бала – Адель, 18 жаста

5 жылдан бері жобада

Анфиса

Адель – қарапайым емес, ерек қыз, сондықтан ол көңіл бөлуде де мейлінше төзімділікті қажет етеді. Мен онымен танысқан кезде іштей оған білім алуда дұрыс бағыттар беремін әрі емделуге көмектесуге тырысамын деп шештім. Алғашында-ақ оған ағылшын тілін үйретіп, математикадан үлгерімін жақсартқым келді. Өкінішке қарай, бұл мақсатқа әлі жете қоймадым.

Адельді ештеңе қызықтырмайды, бір істі бастайды, бірақ тастауы тез. Сондықтан мен ПМПК-ға жүгінгім келеді. ПМПК – психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия, онда мамандар баланың диагнозын анықтау үшін кешенді диагностика жүргізеді. Әдетте, бұл – ақыл-ой кемістігі, психикалық дамудағы кідіріс және басқа аурулар.

Тағы бір педагогикалық мақсатым бар, ол – пубертаттық кезеңдегі Адельге ұлдармен дұрыс араласуды үйрету. Әңгімелесу, сырласу арқылы бозбала мен бойжеткеннің қарым-қатынасындағы дұрыс құндылықтарды бойына сіңіргім келеді. Бұл ретте біраз жетістікке жеттім деуіме болады.

Сондай-ақ оның өз сырт келбетін дұрыс қабылдап, өзіне көңілі тола бастауына қол жеткіздім. Ал 13 жасында мүлде керісінше жағдайды байқайтынмын. Өзіне көңілі толмай, бүкірейіп жүретін, ал бүгінде бұл мәселеде өзіне деген көзқарасы өзгерген.

Адельдің мінезі жақсы, өз пікірінде нақ тұра алады, мүмкіндігінше талдау жасай алады. Ол өте таза, кірпияз және тәртіпті. Қоғамда өзін еркіндеу, батылырақ ұстауы да – жақсы динамика.

Қамқорлығымдағы жанмен арамыздағы қарым-қатынасты қиын деуге келе қоймас. Тек кейде маған олар бір орнында тапжылмай тұрғандығы немесе дамып жатқандығы түсініксіздеу боп қалады. Кейде әрі қарай не істеу керегін, онымен қалай сөйлесіп, нендей көмек беру қажеттігін білмей де қаламын.

Адельдің араласуға әрдайым құлқы бола бермейді, ал карантинге байланысты тіпті сирек кездесетін болдық. Дегенмен түрлі кедергілерге қарамастан, мен оны әрі қарай да қолдай беремін. Менің өмірлік тәжірибем мен қолдау түріндегі көмегіме мұқтаж жандар бар екенін білемін. Тек Адель ғана емес, өзгелер де. Әсіресе, ата-анасынан айырылған жасөспірімдерге тәлімгердің мықты «иығы» қажет.

Мен Адельдің өзіне сенімді болуына және адамдардан қысылуды доғаруына шын жүректен тілектеспін.

Жоба үйлестірушісінің пікірі

Анфиса Адельдің біліміне жіті мән береді, уайымдап, оған сабақ беруге тырысады, қандай да бір қосымша курстар іздеп жүреді. Сондай-ақ оны үнемі жаңа машықтарға, мысалы, ас әзірлеуге баулуға тырысады.

Адельмен қарым-қатынастан өзге, Анфиса басқа балаларға да ағылшын тілін үйренуге көмектеседі, қандай да бір заңдық мәселелер бойынша кеңестер береді (қажет болған жағдайда). Барлығына да өз мүмкіншілігі шегінде әрдайым көмектесуге тырысып бағады.

Менің жас досым

«Барша қарым-қатынастағы басты нәрселер – шынайылық және тұрақты араласу»

Тәлімгер – Айша, 31 жаста

Қамқорлықтағы бала – Мерей, 17 жаста

2 жылдан бері жобада


Айша

Тәлімгерлердің басым көпшілігіндегідей, байланыс орнату қажет болғанда, қарым-қатынас жасау басында қиынға соғады. Мерей екеуіміздің арамыздағы жағдай да солай болды. Бастама негізінен менен шығатынын сезіндім. Менің жаңа досымның тіпті хабарламаларыма жауап бермеген, қайыра қоңырау шалмаған кездері болды, сол себепті де кейбір сәттерді кездескен уақыттарда нақтылауға немесе қайта сұрауға тура келетін еді.

Қазір «қажасу» сатысынан өттік, енді ондай қиындықтар жоқ. Рас, Мерейдің тұлғалық қалыптасуы өтіп жатқан жасөспірімдік кезеңде екенін ескеретін болсақ, әлі де талай қиындықтар туындайды деп ойлаймын. Бірақ кез келген күрделі жайт – қарым-қатынастың бір бөлігі деп есептеймін.

Мейірбандық мағынадағы атау болғанымен де, «қамқорлықтағы бала» деген қатқылдау естілетін сөзді айтпауға тырысамын. Мен құрбымды атымен атағанды жақсы көремін. Мерейдің өзі де маған бар болмысымен ұнайды. Мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы, стилі. Әсіресе, оның білімге құмарлығын, өмірге құштарлығын ерекше атап айтар едім. Ол – жан-жақты қыз: саясатқа, технологияларға, географияға қызығады, кітап оқығанды өте жақсы көреді. Бұл мәселеде ол барлығын талғамай оқи береді. Әлемдегі оқиғалар, көрнекті тұлғалар туралы және классикалық әдебиетті оқиды.

Танысқан кезімізде біздің қарым-қатынасымыз қалай аяқталатыны жайлы мақсат та қоймадық, жоспар да жасамадық. Алайда неге ұмтылатынымызды екеуіміз де білдік. Мерей өзін физикалық тұрғыдан жақсартып, иммунитетін көтергісі келді, сондықтан пандемияға дейін ол спорт секциясына қатысып жүрді. Қазір балалар үйінде өзі жаттығады. Мен мұнысын өте қолдаймын.

Мерей екеуіміздің ортақ қалауымыз бар, ол – оған мамандық таңдау, университетті нақтылап, сонда оқуға түсу. Алда әлі бір сынып бар, сол себепті біз қазір түрлі университеттер мен мамандықтарды қарастырып жатырмыз. Сан алуан мамандармен кездесеміз, университеттерге барып, оқуға түсу шарттарымен танысудамыз. Бұл зерттеулерімізді Мерейдің өзіне қызықты болатын мамандықты оқып және де сол ЖОО-да барынша пайдалы білім алуы үшін жүргізіп жатырмыз.

Мереймен араластық кезінде ол менің жас досыма және шәкіртіме айналды. Мен үнемі оған бағыт сілтеп, қолдап, көмектескім және жай ғана жанында болғым келеді. Тек қазір ғана, кездесуімізге бір жыл толған соң ғана оның бойындағы өзгерістерді байқап жатырмын. Ол қазір көпшіл, көпшілік ортада өзіне сенімді болған екен.

Мен оның айналасында әрдайым жақсы, мейірімді, өзі сене алатын, арқа сүйей алатын адамдардың болғанын тілеймін. Жанында әрдайым оны қолдайтын достары, жақын адамдары болса екен. Сондай-ақ өзінің әлеуетін кеңінен танытып, өмірде көздеген барлық мақсатына жетуін тілеймін.

Жобаның арқасында қарым-қатынастағы шешуші нәрсе – шынайылық пен тұрақты араласу екенін ұғындым. Жоспарлар жөнінде ғана әңгімелесу міндетті емес, жай ұсақ-түйек, қарапайым нәрселер туралы сөйлесу де маңызды. Бұған қоса, бар мәселені, әсіресе, кикілжің кезінде ашық айту керектігін ұқтым. Кикілжің жайттар – бұл қарым-қатынастар үдерісі. Олар басқа деңгейге көтеріліп, досыңа жақынырақ бола түсуіңе көмектеседі.

Мерей

Айша апай өте ілтипатты және мейірімді. Ол кісімен кез келген тақырыпта сөйлесу оңай. Саябақта немесе өзен жағалауында серуендесек, мұндай сәттердегі біздің әңгімеміз өте шынайы. Мысалы, түрлі адамдармен қарым-қатынас мәселелерін талқылаймыз. Айша апай маған белгілі бір жағдайда өзіңді қалай ұстау керектігін айтады. Мен оған сенемін және мені жазғырады деп қорықпастан әңгімелесе алатынымды білемін.

Мен өзіме мейлінше сенімді бола бастадым. Бұрын томаға-тұйық адам едім, ал қазір аздап ашылып келе жатырмын. Әрине, әлі де қымсынамын, бірақ бұрынғыдай емес. Және бұл өзгерістер өзіме ұнайды. Мен апайдан сабырлы, төзімді және мейірімді болуды үйренгім келеді.

Айша апай – жылы жүзді, жақсы жан. Ол мен үшін әпкем, жақын досымдай. Оған әбден бауыр басып қалдым. Әдетте мен адамдарға жақындай бермеймін, бірақ араласатын болсам, онда бұл қарым-қатынасым берік және біржола.

Оның жеке өмірі мен мансабында әрдайым табысқа жетуіне, барлық мағынадағы бақытқа кенелуіне, барша жоспары орындалуына, үнемі барлығы жақсы болуына тілектеспін!

Жоба үйлестірушісінің пікірі

Үш-төрт ай тұрақты қарым-қатынастан соң Мерей өзгерген. Мейлінше көпшіл, ашық-жарқын қызға айналған. Айша Мерей үшін шынайы алаңдайды, сондықтан оның өміріне белсенді араласуда. Екеуі бірге кәсіби бағдарлық зор іс тындырды: сан түрлі мамандықты зерттеді, университеттерге жол шегіп, олармен танысты. Айша үшін Мерейдің жақсы жоғары оқу орнында және қалаған мамандығы бойынша оқығаны өте маңызды.

Экологиялық қатынастар

«Балалардан еш дәметпей, өтеусіз махаббат сыйлау керек»

Тәлімгер – Айжан, 39 жаста

Қамқорлықтағы бала – Мәдина, 18 жаста

2 жылдан бері жобада



Айжан

«Жеке тәлімгерлік» жобасында жүргеніме бір жылдан асты. Балалар үйінің жалғызілікті баласына берісі – өзіне күтім жасауды, қаржыны басқаруды, дәмді тағам дайындауды, денсаулығын күтінуді, арысы – адамдарды тани және олардың қажеттіліктерін түсіне білуге, сенім арта білу мен қарым-қатынас орнатуына көмектесу үшін келдім.

Мәселе мынада, балалар үйінің балалары біздің отбасы, туыстар мен жақындардың арасында ие нәрсеміздің ешбірін сезіне алмайды. Көптеген машықты біз анамыздан, әкемізден немесе әжемізден жай ғана көріп, бойымызға сіңіреміз. Алайда мен толық отбасында өскеніме қарамастан, жобаның түрлі кезеңінде талай жайтқа көзім жеткендей болды. Тәлімгерлік, ең алдымен, өзіңді тәрбилейтін үлкен жұмыс. Қазіргі мен және алты жыл бұрынғы мен – бұл түбегейлі бөлек жандар. Түйгенім – балаларды тәрбиелеу қажет емес, бала әрдайым көргенін істейді, әдетіңді, іс-қимылыңды бойына сіңіріп өседі. Асыра қамқорлық жасаудың орнына әрбір әрекеттің өз нәтижесі болатынын түсіндіріп айтқан жақсы. Әрқашан балаға шындықты айтып, кез келген адамның қателесуі мүмкін екенін мойындаған абзал. Және де бұл – қалыпты жағдай. Балалардан бірдеңе дәмелену дегенді ұмытып, есесіне шексіз махаббат сыйлау керек.

Менің қамқорлығымдағы Мәдина – бойжеткен қыз, өз бетінше өмір сүре алу қабілеті өте зор, таңғаларлық мейірімді және кішіпейіл жан. Ақшаны асқан шыдамдылықпен жинай және үнемдей алады. Бойында еңбекқорлығы басым, қандай тірлікті болмасын мұқият, ұқыпты және жауапкершілікпен істейді. Бұған қоса біз әрдайым түрлі тақырыпта сөйлесіп, өз көзқарасымызды ашық айта аламыз. Және мұнымыз күн өткен сайын жақсара түсуде.

Алайда барлық жақсы қасиеттеріне қарамастан, Мәдина өзін көрсете алмайды, себебі ол – өте қарапайым және тартыншақ қыз. Басында мен оны асықтырып, алға итермелегім келді, бірақ ол одан сайын тұйықталып қалатын. Қазір әр нәрсе өз уақытымен екенін түсіндім, уақыты келгенде бойына сенімділік жияды, сол кезде өзі үйренген жайлылық шеңберінен міндетті түрде шығады. Мен оған алға қарай батыл қадам жасауды, ештеңеден тайсалмауды тілеймін, армандардың орындалатын ерекше қасиеті бар!

Жақын адамым, менің отбасымның мүшесі, оның менің өмірімде бар екеніне шексіз бақыттымын. Мен оны қатты жақсы көремін.

Мәдина

Айжанның пайда болуы менің өміріме ерекше жақсы әсер етті. Ол – дана, еңбекқор, адал, қамқор, ақылды және қарапайым жан. Мен оның саяхаттауды, жаяу жүргенді, дұрыс тамақтануды ұнататынын білемін, ол табиғатты және оған қамқорлық жасауды жақсы көреді, тағы да тәттіні жақсы көреді және тағамды дәмді әзірлейді. Айтпақшы, Айжан маған түрлі тағам дайындауды, дұрыс тамақтануды үйретті, қазір мен де табиғат пен қоршаған ортаны жақсы көріп кеттім. Мен одан күнделікті көп пайдалы және маңызды ақпаратты біліп отырамын. Жас айырмашылығымызға қарамастан, мен оның жанында өзімді жайлы сезінемін. Біз көптеген керемет сәттерді кештік. Мысалы, бассейнде шомылған немесе Медеуге барған кезімізді айтуға болады. Ол маған маникюрге арналған аппарат машинасы мен өзге де көп нәрсе сатып әперді. Өзі – өте заманауи адам, сондықтан да екеуімізге айтар әңгіме табылады. Айжан жай тәлімгерім ғана емес, ол – менің әпкем.

Мен оған шын жүректен тек жақсылық тілеймін, армандары орындалсын, ең бастысы, туыстары аман болсын, себебі Айжан оларды өте бағалайды және жақсы көреді. Мен әлемге кең ауқымда қарауға мүмкіндік бергені үшін Айжанға алғыс айтамын.

Жаңа дүниелер тану

«Қорықпау керек, күмәнданбау керек: «жолды – жүрген игереді».

Тәлімгер – Александра, 32 жаста

Қамқорлықтағы бала – Нұрзат, 14 жаста

2 жылдан бері жобада

Александра

Мұны, бәлкім, қиындық деп атауға да келмес, керісінше, балаларда қаншама өмірлік дағдының жоқтығын түсінгендіктен туған мұң десе болар. Мысалы, балалар үйінен сырттағы алғашқы серуенімізде біз қанша ақша жұмсайтынымызды алдын ала келісіп алдық. Ақша таусылып қалғанда Нұрзат шынымен аңырып қалды – «Бұл қалай болғаны, банк картасы бар ғой, онда әрдайым ақша болуы керек!». Немесе бір жерің ауырса, тиісті дәріні беретін медицина қызметкері бар, сондықтан қай жері ауырғанда қандай дәрі ішу керегін білмейтіні де есімде. Ол да, өзге балалар да көптеген мәселелерде шынайы өмірден сырт қалған. Бірақ Нұрзатқа көрсетіп, түсіндіріп айтса, есте жақсы сақтап, тез үйреніп алатынына көңілің толады.

Бірде Нұрзатқа жаңа отбасының табылғаны жайлы білдім. Бұл жерде дәл мен үшін аса қобалжитын екі жағдай бар еді. Біріншісі, қамқоршы әрекетінің себептері маған түсініксіз. Екіншісі, арамыздағы «үшінші» адамның пайда болуы кенеттен болды, қамқоршылықты рәсімдеу де маған тым жылдам көрінді. Соңында, мен бекер уайымдаған екенмін, сол үшін өте қуаныштымын. Бұған қоса, досыммен бұрынғыдай араласып тұрамыз. Ал бізді барлық жағынан қолдайтын оның тамаша қамқоршысымен мен үнемі байланыстамын, барлық мәселені бірге талқылаймыз.

Нұрзат бұл отбасымен 2019 жылдың тамыз айынан бастап бірге тұрады. Бұл оған өз мүддесін, қалауын және мүмкіндіктерін басқа балалар мен ересектердің дәл сондай мүдде, қалау, мүмкіндіктерімен арасалмағын салыстырып үйренуге, ымыраға келуге, сондай-ақ іс-әрекеті үшін жауапты болуға көмектеседі. Қазір ол тайм-менеджментті меңгеруде.

Алғашқы кездесуде «11 жасар баламен ортақ тіл табыса аламын ба, айтар әңгімеміз де болмайды-ау» деп қорыққаным әлі есімде. Нұрзаттың ашық-жарқын араласатыны, кез келген адаммен оңай тіл табысатыны маған көп көмегін тигізді. Ол – зерек, тапқыр, табиғатынан қабілетті, көп нәрсені жылдам қағып алады. Бастысы, адамға да, жануарға да өте мейірімді, оларға бейжай қарамайды. Мысалы, бір сәби құлап қалса, көмекке дереу және бірінші болып ұмтылады. Бұл біреудің алдында өзін жақсы көрсеткісі келгендіктен емес, сол сәттегі реакциясы, шынайы болмысы – сол.

Бүгінде ол кішкентай ұлдан бойы өзіммен бірдей, дауысы да өзгерген жігітке айналды, бірақ мен үшін ол бақытты, көкірегі идеяларға толы және соны жүзеге асыруға күш-жігері жетерлік адам ретінде көргім келетін ең жылы сезімдеріме бөленген бала болып қала береді.

Нұрзатқа тек өз күші мен қабілетіне сенуді тілеймін. Өзгерістерден қорықпай, үнемі жаңа дүниені үйреніп, бойында түрлі нәрсеге жас балаша қуана алу сезімінің сақталғанын қалаймын. Барлығы міндетті түрде орындалады!

P.S.

Жобаға ене отырып, бала өміріне кемінде екі жыл араласу қажеттігін түсіндім. Және де ортақ тіл табыса алсақ, онда бұл қарым-қатынас үзілмеуі тиіс деп бірден түйдім.

2020 жылдың 25 маусымында біздің танысқанымызға екі жыл толды. Көп жылдардан соң да біз екеуіміз бұл күнді жүздесуге тағы бір сылтау ретінде асыға күтетінімізге және жыл сайынғы жаңа кездесуге ортақ естеліктеріміз бен қуанышты сәттерімізді жиып келетінімізге сенгім келеді.

Басты түйін – қорықпау керек, күмәнданбау керек: «жолды – жүрген игереді». Мәселен, «Тәлімгерлер мектебін» өтіп, психологтермен әңгімелесуден кейін, соңғы сатыда кенеттен «мендегі ресурс жеткілікті ме, мен жақсы тәлімгер бола аламын ба?» деген күмән пайда бола бастады. Алайда жоба барысында барлық мәселенің шешімі бар екенін ұқтым. Балалар үйіндегі жеткіншектердің қызығушылықтары мен қамқорлықтары дәл отбасында өсіп жатқан ұлдардікі мен қыздардікіндей. Тәлімгерлер балалардың ой-пікірі мен уайымын біреумен бөлісуге, қолдау көруге, қамқорлыққа және құптауға, өздерінің қажет және маңызды екенін сезінуге деген қажеттілігін «өтеуге» көмек жасайды. Сондықтан күмәнданатындардың барлығына алғашқы қадам жасауға кеңес берер едім, әрі қарай жол сізді өзі жетелейді.

Нұрзат

– Тәлімгерден не үйрендің?

– Несие алмау керектігін білдім. Бірде мен Александраға өскенде несиеге көлік сатып алатынымды айттым. Сонда ол маған несиенің не екенін, оның қалай жұмыс істейтінін, артық төлем жасайтының жайлы түсіндіріп берді. Ең абзалы, күте тұрып, мойныңа міндеттемелер алмай-ақ көлікке ақша жинау.

– Александраның пайда болуының өміріңе қандай ықпалы тиді?

– Ол – өте мейірімді, жомарт және сүйкімді жан, барша жанға үнемі жақсылық тілейді. Мен де мейірімдірек бола түстім. Тәлімгерім сияқты маған да жануарлар ұнайды. Ол жұмысында бір қараусыз ит бар екенін, соған тамақ беретінін айтқан еді.

– Естен кетпес сәттермен бөліссең?

– Біздің балалар үйінен сырт жерге алғаш шығуымыз есімде қалды. Сол кезде мен досымды ертіп алдым да, бәріміз Көктөбеге барғанбыз. Ол жерде алғаш рет болуым еді. Біз серуендедік, төбешіктен сырғанадық, сосын horror квестке бардық. Өте көңілді болды.

– Тәлімгерге айтар тілегің қандай?

– Мен үшін Александра – әрі досым, әрі тәтем. Мен одан әрқашан көмек сұрай аламын. Ол – жақын адамым. Сондықтан ауырмасын, әрдайым дені сау және бақытты болсын деп тілеймін!

Жоба үйлестірушісінің пікірі

Александра Нұрзатқа аса зор мән береді, сол себепті ол үшін ең қатты уайым – қамқоршылықтың рәсімделуі болды.

Тәлімгер жаңа отбасында бәрі жақсы болатынына, бұл жайттың олардың қарым-қатынасына кедергі келтірмейтініне көзін жеткізгісі келді. Қамқоршының өзімен танысқан соң ғана Александраның көңілі жайланып, олардың кездесулері бұрынғы қалпынша жалғасты. Қамқоршы олардың қарым-қатынасына кедергі келтірмейді, тіпті жағдай жасайды.

Ерлер жайлы

«Басқа адаммен дос болу, қолдау және қамқорлық жасау».

Тәлімгер – Берік, 38 жаста

Қамқорлықтағы бала – Женя, 16 жаста

5 жылдан бері жобада



Берік

Осы жобаға енген кезімде, әрине, қанша мәселені шешуім тиіс болатынын білмедім. Қиындықтар болды және де олар көп еді. Барлығын бірдей емес, тек бір оқиғаны ғана айтып өтейін. Женя балалар үйіне түскенде, бір айдан соң туған анасы келіп, оны алып кетуге уәде береді.

Бірақ келесі жолы ол бір жылдан соң ғана келді. Бір жылды бала анасы алып кетеді деп күтумен өткізді. Бұл оған өте ауыр болған еді. Терең мұңға оранып, өзін тастанды көру, сенбеу және тұйықталу сияқты сезімдерге бой алдырды. Біз де Женямен осындай сәтінде таныстық.

Біздің қарым-қатынасымыз үшін маңызды ең бірінші нәрсе – баланың сезімі мен мұқтажын ұғынуға тиіс болдым. Сонымен бір мезгілде қатар мен өз эмоцияларым мен қажеттіліктерімді білдім. Сондай-ақ мен жобада зейін қойып тыңдауды, өзімде және Женяның бойында өзін көрсету дағдысын дамыттым. Дос болуды, қолдау көрсетуді және өзге адамға қамқорлық жасауды үйрендім.

Екеуіміз бірден ағылшынша сөйлеуді үйрену керек деген мақсат қойдық. Өкінішке қарай, біз оған әлі жете қойған жоқпыз. Жұмыс жасаудамыз.

Маған Женяның бойындағы көп нәрсе ұнайды, мысалы, тамаша әзілқойлығы, ерекше ойлауы, жігіттік жігері, жеңілуді ұнатпайтындығы, қайырымдылығы. Осы жылдарда ол шат көңілді, жігерлі, тапқыр жанға айналды және қазір шешімді де нық қабылдайды. Мен үшін Женя – тамаша дос.

Оның әрдайым іс пен уәдеге берік жан, от жүректі, батыл жанды жігіт, сенімді дос, табысты қайраткер және жарқын тұлға болуын тілеймін! Осы өмірдің дәмін татып, одан мол күш-жігер алуын, зор сабақ тоқуын қалаймын!

Женя

Берік – маған аға әрі досым. Ол өте мейірімді, адал, әділ. Әрқашан шындықты айтады, сөзім тәтті болсын деп бұрмаламайды. Мұнысын дұрыс санаймын. Оның тіке айтар турашылдығын бойыма сіңіргім келеді. Ол мені дұрыс ойлауға, талдау жасауға, адамдар жөнінде ойлануға, дұрыс қадам жасауға және тығырықтан шығар жол табуға баулыды. Тағы ас әзірлеуді де үйретті. Маған оның үйіндегі кездесуіміз, әсіресе, тамақ әзірлеген кезіміз ұнайды. Біз түрлі тағам әзірлеуді жиі байқап көреміз. Бірде тұмшапеште үйрек дайындадық. Өте дәмді болып шықты. Ас әзірлеу зор танымдық дүние екен және даярлау барысында маңызды тақырыптарда сөйлесеміз. Тағы компьютерлік ойындарды бірге ойнағанымыз да есімде қалыпты. Бұл – көңілді.

Мінсіз жан

«Мінсіз адам қалпын сақтау өте қиын».

Тәлімгер – Гүлайша, 34 жаста

Қамқорлықтағы бала – Анна, 17 жаста

6 жылдан бері жобада


Гүлайша

«Айша апай, мен бұрын бай адамға тұрмысқа шықсам, жақсы пәтерде тұрсам, ештеңе жасамасам дейтінмін. Бірақ қазір ол ойымнан айныдым. Сіз сияқты жұмыс істеп, ақша тауып, пәтерді өзімнің адал еңбегіммен сатып алуды қалаймын». Дәл осы сәтте мен оған қатты ықпал ететінімді ұқтым.

Жалпы, балалар үйінің балалары – өзгелерден еш өзгешелігі жоқ, сол кәдімгі балалар. Бірақ сіздікінен тамаша қоғамда тәрбиеленген ересек адамды кездестірсеңіз, онда қарым-қатынасты нөлден орнату қажет. Бізге қиын тиді, алайда бұл ортақ тіл табыса алмағандықтан емес, менің жеке өмірім мен жұмысымдағы қатар жүріп жатқан қиындықтардың әсерінен еді. Тепе-теңдікті сақтау және Анямен ресурстағы қарым-қатынасты ұстау өте қиын болды. Менің оған шамам да қалмаған еді. Сондықтан өзімді Аняға тек жақсы қырымнан ғана көрсетуге тырыстым.

Уақыт өте келе кемшіліктен ада мінсіз адам болып қалу қиынға соқты. Кейін мен мұның бәрі жасанды екенін, жақын жандарымыздың жанында біз өзімізді бұлай ұстамайтынымызды ұқтым. Жақындарымыз бізді бар артық-кемімізбен қабылдайды емес пе, мен де бұл кедергіні жеңе алып, Аняға шынайы ашыла бастадым. Бүгінде Аня менің жақын әрі туыс адамыма айналды, біздің байланысымыз өмір бойы жалғасады деген үміттемін.

Маған Аняның ішкі қуаты мен мықтылығы ұнайды. Қиын сәтте өзінің сол мінезіне сүйенеді де, дұрыс ой түйеді. Сондай-ақ оның ашық-жарқындығы мен көпшілдігі ұнайды. Маған тіпті мұндай қасиетке ие балаға менің ешқандай ықпалым болмайтын сияқты да көріне бастады. Тек бірде өзі менің оған үлгі екенімді айтқанға дейін солай болған еді.

Аня балалары көп әрі тату отбасы жайлы армандайды. Мен оның барлық арманының орындалуын, қасында тек мейірімді, оны жақсы көретін жандардың болуын, бойындағы оптимизмін, оң көзқарасын жоғалтпауын тілеймін.

Анна

Бұрын мен өте ұялшақ едім, анам мен әпкемді өзіме жуытпайтынмын. Айша апаймен танысқан соң ұялшақтығымды жеңіп, әпкем екеуіміздің қарым-қатынасымыз реттелді. Оның да сіңлілері бар, олардың қарым-қатынасын көріп, менің де сол сияқты болғым келді. Әрі оқуға деген құлшынысым оянды.

Бізді тәлімгерлермен алғаш таныстырғандағы кездесуіміз есімде қалды. Маған ол сол кезде қатты ұнаған. Тағы да біз оған куртканы қалай таңдағанымыз да әлі есімде, себебі, жарасатын-жараспайтынына, қандай материалды таңдаған дұрыстығына қатысты үнемі менің пікірімді сұрай берді. Мен үшін бұл таңданарлық жайт еді, өйткені маған ересектер бәрін өздері шешетіндей көрінетін. Ал соңғы кездегіден есімде қалғаны карантин кезінде оның күтпеген жерден келуі еді. Сол сәтте мен көшеде серуендеп жүрдім, ол келеді деп ойламаған едім.

Ал ол маған тамақ әкелген екен, себебі менің дұрыс тамақтанбайтынымды білетін еді.

Апай – менің құрбым әрі әпкем. Мен оған тіпті құрбыларыммен және әпкеммен де бөліспейтін сырларымның бәрін айта аламын. Оған айтамын, ол әрқашан тыңдап, кеңес береді. Оған қарап әркім өз болашағын өзі жасайтынын және бәрі өз қолымда екенін түсіндім. Айша апай өмірде барлық нәрсеге өзі қол жеткізген, бұл менің де қолымнан келеді. Ол – мақсатқа ұмтылғыш, ақкөңіл, ақылды, мейірімді жан. Әрі ол – өте жақсы дос, тамаша мұғалім. Мен де сондай болғым келеді.

Мен оның өмірінде сәби пайда болса екен деймін. Өзі мұны қатты қалайды. Тағы да бақыт, зор денсаулық тілеймін. Оның өмірінде бәрі жақсы болсын!

Жоба үйлестірушісінің пікірі

Гүлайша – өте мейірімді әрі рухани тәлімгер. Осы жұпқа қарасаң, олардың бір-біріне өте жақын екені байқалады. Аня үшін Гүлайша енді тәлімгер ғана емес, әпкесі іспетті. Айша Аняға зор мейіріммен қарап, ол үшін алаңдайды. «Ақшасы бар ма, тамақ ішті ме, жоқ па?» деп уайымдап жүреді. Аня болса, кез келген мәселесін Айшаға ашық түрде айта алады және ол туралы әрдайым жақсы пікір білдіреді.

Әдетте мен осылай ойлаушы ем

«Қиындықтар – өмірдің қалыпты бөлігі».

Тәлімгер – Евгений, 28 жаста

Қамқорлықтағы бала – Роман, 15 жаста

3 жылдан бері жобада

Евгений

Балаға көмектесу – жобаға келгендегі мақсатым болатын. Алайда «Тәлімгерлер мектебінде» біздің шынайы мақсатымыз не екенін сұрады. Бұл сұрақ мені ұзақ уақыт ойландырып жүрді де, жоба барысында әр тәлімгердің расында да жеке өзінің ниеті мен осында келу себебі бар екенін түсіндім. Бұдан кейін менің мақсатым жалпылама түрде болмай, нақтыланды, ол – түрлі күйді бірге кешетін, уайымымызды бөлісетін және бір-бірімізден үйренетін ұзақ та сенімді, достық қарым-қатынас орнату.

Романмен достығымыздың басталуы қарапайым болды. Меніңше, түгел тәлімгердің кезігетін проблемалары бірдей – танысу және қажасу кезеңінен өту. Ромаға көп нәрсені айту, түсіндіру қажет болды, себебі кейбір жайларды ол маған үйреншікті «әдепкідей» ұға қоймайтын. Бірақ егер ахуалмен күреспей, оны және жаңа ережелерді қабыл алсаңыз, айтарлықтай жеңіл болады. Қазір сол кездер туралы жылы естеліктер қалуда, өйткені қиындық – біздің өміріміздің қалыпты бөлігі.

Рома екеуіміз әртүрліміз, мұны айта кету керек. Көп нәрседе ұқсамаймыз. Дегенмен мен оны оңай тіл табысатын, сонымен бірге, ол үшін жауапкершілігім бар екенін білетін інім сияқты сезінемін. Рома, Абрам және олардың әпкелері – мен үшін өте маңызды жандар!

Мен оның жеке басын құрметтеймін әрі қолдаймын. Оның әуестенетін дүниесінің көптігіне шынымен таңғалдым: сурет салу, футбол, би, әрі кез келген істе ол жетістікке жетеді. Дарынды және мақсатшыл жігіт. Мен оған осы қалпынан айнымауын, стереотиптерді қабылдамауын, әрқашан өзінің ішкі ойын тыңдауын және өзіндік талғамын сақтай алуын тілеймін.

Біз дос болған екі жылда Ромка іштей де, сырттай да өзгерді. Қазір ол шешім қабылдамай тұрып, өзін тыңдайтынына, шынымен не қалайтынын содан кейін ғана айтатынына мен өте қуаныштымын.

Тіпті шынын айтар болсақ, алдағы дүние бұлдыр болғандықтан, жобаға қатысуға қатты жүрексіндім, себебі алдымызда тек белгісіздік күтіп тұрды. Ал менің ойлағандарым қиял болып шықты. Бірақ мен ештеңеге де өкінбеймін, өйткені жобаның өмірді өзгертетіні сөзсіз. Онда да оның екі қатысушысының да – тәлімгер мен қамқоршының өмірін өзгертеді. Бұрын ешқашан ойламаған мәселелермен, уайыммен бетпе-бет ұшырасу – керемет тәжірибе. Бір-бірімізді қандай да бір жаңа нәрсеге үйретеміз деп мейлінше нақты айта аламын, және де біздің өзара қарым-қатынасымыз – әрбірімізге қосылған зор үлес!

Роман

Женя – көңілді, ашық, мейірімді әрі белсенді жан. Ол маған ақшаны дұрыс ұстауды үйретті, қайда және неге жұмсау керектігін түсіндірді. Банктен несие алудың қажеті жоқ екенін түсіндім, өйткені бір несие екіншісін тартып, менің өмірім тек қарыз жабатын тұрақты жұмысқа айналуы мүмкін.

Мен оның үйінде болғанды ұнатамын. Әсіресе, сурет салған немесе бірге қыдырған ұнайды. Өйткені Женя табиғатты жақсы көреді және жақсы салады. Бұл сәттерде кез келген тақырыпта сөйлесе аламыз. Уақытты онымен өткізу өте көңілді.

Есте қалған күндерімнің бірі – менің туған күнімде ағасы Абрам мен әпкелері Регина және Эвелинамен бірге киноға барғанымыз.

Женямен танысқаннан кейін менің мінезім жақсы жағына өзгерді, мен ашық әрі көпшіл бола бастадым деп санаймын.

Жоба үйлестірушісінің пікірі

Рома өте тұйық бала болатын. Ол Женяны біраз уақыт жанына жуыта қоймады, сондықтан жоба үйлестірушілері тәлімгермен кездесулерге Романың ағасы Абрамды қосқан жөн деп шешті.

Бұл қадамның Женя үшін маңызын түсінгендіктен, Евгений қарсы болған жоқ және екеуінің де бірдей тілін табуға тырысты. Уақыт өте келе Рома Женяға үйренісіп, кездесулерге Абрамның қатысуы қажет болмай қалды. Қазір жігіттердің бір-біріне деген толық сенімге құрылған достығы өте берік. Тәлімгер қамқорлығындағы баланы айтпай-ақ түсінеді және түрлі жағдайлардың бәрінде оның ойын оқып отырады.

Жоба үйлестірушілері баланың ересек досы пайда болғалы бері өзгергенін атап айтады: ол мейлінше ашыла түсті, бейтаныс адамдармен оңай байланысқа түсе алады. Мұның бәрі – қиындықтарға қарамастан, Ромамен кездесулерді тұрақты жалғастырған әрі Абраммен де бір мезетте қатар байланыста болып, оған да бейресми тәлімгер болған Женяның еңбегі.

Шын достықжас талғамайды

«Оны ойламайтын күнім жоқ».

Тәлімгер – Елена, 54 жаста

Қамқорлықтағы бала – Руслан, 16 жаста

3 жылдан бері жобада



Елена

Шынымды айтсам, тағдыр менің жолымды Русланнан ажыратпаса екен деймін. Қазір жасөспірімге айналған бұл бала мен үшін өте қымбат. Өзімнің балам сияқты алаңдаймын, дұғама қосамын. Тіпті, оны ойламайтын күнім жоқ.

Қазір Руслан жасөспірім жасқа жетті. Осы албырт шақтан аман-есен өтіп, оны кездестірген кезімдегідей елгезек, мейірімді қалпында қалса екен.

Әрі мүмкіндігінше қалауы не екенін, неге қызығатынын анықтап, сезінсе, түйсінсе екен, себебі оның кім болғысы келетіні, неге талаптанатыны жөнінде әзірге нақты мақсаты жоқ. Қазір оған үлгі-өнеге боларлықтай ер адамның достығы ауадай қажет.

Русланның бойында нағыз ерге тән сабырлылық, ұстамдылық, әділдік, жауапкершілік, көмектесуге әзірлік сынды қасиеттер бар болғанымен, теріс жолға түсіп кету қаупі де жоғары. Әсіресе, балалар үйімен қоштасқан соң.

Сол себепті менің басты әрі жалғыз мақсатым – қылмыс жасамауына және ішімдік пен есірткінің арбауына түспеуіне көмектесу.

Қарым-қатынас барысында біз материалдық әрі қаржылық тұрғыдағы бірсыпыра күрделі мәселені шештік. Балалар үйінің тәрбиеленушілерінде «менікі» деген түсінік жоқ, оларға бәрі ортақ.

Олар ақшаның құнын білмейді. Мұны біз бірге реттедік. Шешілмеген мәселелерден қалғаны – қандай да бір нәрсеге ынтаның, ниеттің, қызығушылықтың жоқтығы, сондай-ақ кітаптар.

Тәрбиеленушілер мүлде кітап оқымайды, оқыса да амалсыз, қиналып оқиды.

Жұптағы қиын сәттерді баламен бірге, ересектер де сезінеді. Мен үшін қиындық басқа тәлімгерлермен салыстыру еді. Әрине, балалардың ешқайсысы «сенің тәлімгерің жақсы, маған да сондай адам болса ғой» деп айтпады, бірақ араларында өзара бәсекелестік бар.

Жоба барысында өзімді таныдым, сезімім мен мүмкіндігімді бағамдадым. Әрі маған толық емес және тұрмысы қиын отбасынан шыққан баланы түсіну, оған шамам келгенінше көмек көрсету, оның бәрінен мақұрым қалған шектеулі емес, толыққанды адам екенін көрсету маңызды еді.

Руслан

Елена – мейірімді, өте жауапты, көңілді, ақжарқын жан. Менен көмегін аямайды. Сол кісі сияқты мен де төзімді болғым келеді. Егер біреу мені түртпектесе, шамданып шыға келемін. Лена сондай сәтте өзін басқаша ұстар еді. Оны байыппен тыңдап, шешімін табар еді. Әзірге мен олай жасай алмаймын.

Десе де, мен мейірімдірек бола түстім, бірдеңе істемес бұрын асықпай ойлануды, жан-жақты талдауды үйрендім. Ленаның тау бөктеріндегі үйіне барған ұнайды, онда бәрі тамаша: таза ауа, көңілді отбасы дегендей. Балалары мен немерелеріне де жақсы тәрбие берген. Біз Үлкен Алматы көліне бардық, «Монополия», боулинг ойнадық. Ал оның үйінің ауласында кәуап жасағанымыз да есімде. Бәрі тамаша, көңілді күн болды.

Елена менің жан досым, жақыным, туысым сияқты. Мен онымен әрдайым кез келген тақырыпта ашық сөйлесемін. Бір маңызды жайтты анық түсіндім – досың өзіңнен үлкен болуы мүмкін, алайда шын достық жас талғамайды.

Жоба үйлестірушісінің пікірі

Екі жылда Елена мен Руслан тығыз қарым-қатынас құра білді. Руслан әрдайым Еленаға оп-оңай жүгінеді, себебі бір-біріне деген сенім әбден қалыптасқан, екеуі кез келген мәселені талқылай алады. Елена да оған туған ұлындай қарайды. Әрдайым оған шынайы алаңдайды, өмірлік ақыл-кеңесін аямайды. Русланға Ленамен және оның балаларымен, немерелерімен бірге уақыт өткізген ұнайды.

Мұның бәрі ол туралы

«Адамдарға көмектесетінін айтады».

Тәлімгер – Карина, 40 жаста

Қамқорлықтағы бала – Вагиб, 17 жаста

2 жылдан бері жобада



Карина

Вагиб есімі – арабша әл-Уаһһаб есімінің түркілік нұсқасы, Алланың 99 көркем есімінің бірі, «Сый беруші» деген мағынаны білдіреді. Адам есімі оның тағдырына, жеке басының қасиетіне әсер ете ме, жоқ па, бұл – әлі күнге дейін даулы мәселе. Бірақ менің жас досым – шынымен де, ғажап, керемет адам.

Бір адам бойында соншалықты күш-қуат пен мейірімділік қалайша тоғысып жатқанына таңғаламын. Ал сырт көзге ол ұялшақ. Бірақ оны неғұрлым жақсы таныған сайын, соғұрлым ерге тән мінезі, рух, қасиеті айқын көріне бастайды. Дәл қазір нені қалайтынын ол анық түсінеді. Кейін өскенде адамдарға көмектесетінін үнемі айтып жүреді. Маған оның ойы, мақсаты, талпынысы ұнайды. Балалық шағы қиын болғанына қарамастан, онда ішкі сенім бар, оның бұл өмірде бәрін жеңетініне сенімім кәміл.

Оның жеке басы қасиеттерінің арқасында алғашқы кездесуіміз емен-жарқын өтті, қобалжығаным сап тыйылды. Біз жариясыз ортақ мақсат қойдық – достасу. Қалай достасып кеткенімізді де байқамадық. Алғашында екеуіміз де ұялдық, қысылдық, бірақ уақыт өте келе жақын араласып кеттік. Вагиб біртіндеп ашыла берді, мен де оның өзін, ой-пікірін жақсы біле бастадым. Бұл – сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім.

Тәлімгер болу маған қатты ұнады. Мұнда өзімді, сезімімді және үрейімді түсіндім. Менің ойымша, жоба балалар мен ересектерге де өзін тануына септігін тигізеді. Екеуіміз де өзгердік. Вагиб адал досыма айналды. Әрі менің ұстазым десе де болады, себебі біздің қарым-қатынасымыздан мен де сабақ аламын. Маған онымен бірге уақыт өткізген ұнайды әрі біздің достығымыз берік болады деп үміттенемін.

Оның ештеңеден жасқанбай, өзіне сенімді болуын қалаймын. Вагибте барлығы жақсы болсын!

Вагиб

Каринамен кездесуден соң өзгердім деп сенімді түрде айта аламын. Қысылып-қымтырылуды ұмыттым, қазір көпшіл бола түстім. Карина менің ой-пікіріме, ниет-тілегіме бейжай қарамайды, қайда барғым келетінін сұрайды, шаруаны таңдап істеуге мүмкіндік береді. Біз киноға, тауға, «Медеу» мұз айдынында коньки тебуге бірге барамыз. Отбасымен бірге уақыт өткіземіз.

Карина – менің досым, өзі көңілді, мейірімді және көпшіл. Сол жағынан оған ұқсағым келеді. Әрдайым ақыл-кеңес, көмек сұрап жүгіне алатынымды білемін. Ол бас тартпайды.

Каринаға зор денсаулық, мол бақыт тілеймін, әрқашан айы оңынан тусын!

Жоба үйлестірушісінің пікірі

Вагиб – жылы жүзді, мейірімді әрі ұялшақ бала. Карина туралы жылы жымиып сөйлейді. Каринаның арқасында көптеген таңсық дүниемен және қызықты орындармен танысты. Каринаның өзі – өте мейірімді әрі рухани тәлімгер. Әр сөзінен Вагибке деген қамқорлықтың, ізеттіліктің лебі есіп тұрады. Әрдайым оның пікірін ескеріп, шынайы алаңдайды, оны әркез қолдайды.



Егер үйде жасөспірім болса

Жоба психологі Дана Серікованың ұсыныстары



Ерте ме, кеш пе, құртақандай сәби өсіп, жасөспірімге айналады. Неліктен кеше ғана тәй-тәй басқан, ата-ананың қамқорлығы мен махаббаты қажет бала, аяқ астынан кірпідей жиырылып, бөлектеніп шыға келді? Өзгеру кезінде өзіңізге және балаңызға қалай көмектесу керек? Осы тарауда мән-жайды ұғуға тырысып көрейік.

Жасөспірімдік немесе пубертатты (лат. Pubertas – жыныстық жетілу) кезең – бұл адамның өтпелі жасы. Не бала емес, не ересек адам емес шақ. Өтпелі кезең балаға өте ауыр, бұл оның мінез-құлқына, қарым-қатынасына әсер етеді. Кешегі сәбиіңіздің бойындағы өзгерістердің келесідей себептерін атап көрсетуге болады:

1. Конституция немесе жай ғана айтқанда, дене бітіміндегі өзгерістер. Бұл кезеңде баланың сырт келбеті күрт өзгереді: екінші реттік жыныстық белгілер байқалады, аяқ-қолдары ұзарады, дене салмағы өзгереді, сүйкімсіз безеулер және тер иісі пайда болады. Егер сіз бірден салмақ қоссаңыз, бетіңізден безеу немесе енді басталып келе жатқан бастың қасқасын көрсеңіз, қандай сезімде болар едіңіз? Мұндай өзгерістер көңіл-күй мен өзін-өзі сезінуге әсер етпей қоймайды.

2. Физиология. Физиологиялық өзгеріс бүкіл денеге әсер етеді: ми мен оның жұмыс істеуі өзгереді, сүйек пен бұлшық ет өседі, гормондар өзгереді. Бұл – кез келген адамға зор салмақ. Еске түсіріңізші, әйелдер етеккір келген кезде, суық тигенде немесе қарапайым ұйқы қанбаған кезде қалай болады, жасөспірімде де уақыттың көбі дәл сондай күйде өтеді. Қысқасы, ол жалқау, қу немесе зиянды емес, жай ғана шаршаған, мең-зең және күйгелек.

3. Әлеуметтену. Бұл жерде Лениннің сөзін өзгертіп келтіруге болады: жасөспірімдер ескіше өмір сүргісі келмейді, бірақ жаңаша күн кеше алмайды. Бозбаланың әлеуметтік қажеттіліктері балаларға ұқсамайды, бірақ ол әлі ересек адам емес әрі ересектер тәрізді өмір сүру дағдысын білмейді. Күйзеліс осыдан басталады. Бойы ата-анасынан да биік, серейген бозбала сондай үлкен болса да, неліктен оларға бағыну керектігін түсінбейді, сөйте тұра іштей әлі де ересектерге тәуелді екенін сезеді. Бұл ішкі қайшылықты тудырады. Өз кезегінде көз алдында дене бітімі ересек адамды көріп тұрған ата-анаға да өздері сияқты ойлап, істей алмаған соң, оның әлі де бала екенін түсіну қиынға соғады. Мұндай күйзелісті өмірде маңызды бір өзгерісті бастан кешкенде сіз де сезінуіңіз мүмкін. Мысалы, ұзақ жылғы бойдақтық өмірден кейін жауапкершілігі мол отбасылық өмірге үйренісу оңай болмауы мүмкін.

Бұл факторлар кез келген ересек адамға кедергі келтіріп, өзін-өзі сезінуін өзгертуі мүмкін. Бұл ретте, ересек адамның жасөспірімге қарағанда маңызды артықшылығы бар: «Мені» қалыптасқан, яғни тұлға. Жеткіншек осы өзгерістер барысында өзі туралы тереңірек біліп, өзін тұлға ретінде танытады. Шын мәнінде, бұл кезеңнің негізгі міндеті – өзін-өзі тану. Бала өзін «іздеп» жүрген шақта ата-аналар, басқа ересек тәрбиешілер не істеулері тиіс? Олардың өзін қалай ұстағаны жөн? Жауабы тым оңай: жасөспірімнің өзіндік «МЕНІН» табу жолында оны қолдау қажет.

Әр жастың өзіндік ерекшелігі, жетекші қызметі бар. Ол адамның жеке тұлға ретінде дамуына, өмірдің келесі кезеңіне өтуіне көмектеседі. Жасөспірімдерде бұл құрдастармен қарым-қатынас түрінде көрінеді. Бұл кезеңде қоршаған ортамен қарым-қатынас екі осьте құрылады:

1. Ересектермен қарым-қатынас.

2. Құрдастармен қарым-қатынас.


Бірінші жағдайда жасөспірім ересек адамдарға (ата-ана, мұғалім) белсенді еліктей отырып, олардың рөлі мен беделін іске алғысыз ете бастайды. Үлкендердің көзқарасы мен тәжірибесі ескірген, мәні жоқ деп есептейді, олардың өмір сүру салты мен құндылықтарын айыптайды. Жеткіншектің сырт келбеті өзгереді (қыздар боянады, ұлдар спортзалда бұлшықеттерін шынықтырады), темекі шегеді, мінез-құлқы өзгереді және өзінің саяси немесе гендерлік көзқарасын ашық айта бастайды. Бұл – жасөспірім кезеңнің ерекшелігі, одан қатты қорқудың қажеті жоқ. Бұл құбылысты Марк Твен жақсы сипаттаған: «Жасым он төртте болғанда әкем өте ақылсыз, ақымақ еді. Мен оған әрең шыдайтынмын. Ал менің жасым жиырма бірге келгенде, сол қарт әкемнің соңғы жеті жылда ақылы керемет толысқанына қатты таңғалдым».

Екінші жағдайда құрдастармен қарым-қатынас жасөспірімге өзі сияқтылармен бірге күш жинап, сенімді бола бастайтын, тіл табыса алатын, әлеуметтік нәрселерді түсініп, өзінің маңызына терең бойлай алатын белгілі бір кеңістік береді. Сол себепті жасөспірім кезде достарының болуы маңызды.


Егер үйіңізде жасөспірім болса, оған мынадай жағдайларды жасауға тырысыныз:

• Жасөспірімді жеке кеңістікпен қамтамасыз етіңіз. Баланың оңаша қалуына мүмкіндік беретіндей жер керек. Тіпті, сіз бір бөлмеде тұрсаңыз да, оны белгілі бір уақытта ешкім мазаламайтындай өзінің жеке бұрышы болсын.

• Жасөспірімнің өміріне араласпаңыз. Хат-хабарларын, күнделігін оқудың қажеті жоқ, рұқсатсыз жеке заттарына тиіспеңіз.

• Жұмыс ауыстыру, қоныс ауыстыру, түрлі отбасылық шаралар сынды маңызды оқиғаларға қатысты жасөспірімнің пікірін сұраңыз.

• Балаға таңдау құқығын беріңіз. Мысалы, жасөспірім өз бетінше киім сатып алуға немесе спорт секциясын таңдауға құқылы. Жасөспірімнен көмек сұраңыз. Бұл тұрмыстық міндеттерден гөрі әлеуметтік желілерден аккаунт ашу, логотип ойлап табу, дүкеннен киім таңдау сияқты тек одан ғана сұрай алатын көмек болуы керек. Бұл ретте, оның бас тартуға құқығы бар екенін де ұмытпаңыз. Ол үшін оған ызаланбаңыз.

• Жасөспіріммен сөйлесуге уақыт бөліңіз. «Есейіп кеткенімен», ол әлі де сіздің көңіліңізге, махаббатыңызға, қамқорлығыңызға зәру. Сіздердің қарым-қатынастарыңыз ата-ананың ақыл-кеңесі түрінде емес, екі адамның қызықты диалогы түрінде өрбісін. Мұндай әңгіме кезінде махаббат, жыныстық қатынас, достармен қарым-қатынас, хобби, болашақ мамандығы туралы тақырыптарды талқылауға болады. Оған бейжай қарамайтыныңызды білдіріп, әңгімені баланың өмірі туралы сұрақтардан бастаған абзал, содан кейін өзі сұраса ғана, ақыл-кеңесіңізді айта жатарсыз. Бұл жерде өз өміріңіздегі оқиғаны бөлісіп, баланың өзі сізге кеңес беретіндей мүмкіндік жасауға болады.

• Жасөспірімнің күнделікті шығынына ақша бөліңіз. Ол келісілген әрі белгілі бір уақытта берілетін сома болғаны дұрыс. Саудаласпаңыз және ақшаны бермеудің амалын іздемеңіз. Бұл – баланы ақшамен жұмыс істеуге, бюджетін жоспарлауға үйретеді әрі оған өзін қажетті деңгейде ересектерше және еркін сезінуге мүмкіндік береді.

• Мән-жайды түсіндіріңіз. Көбінесе жасөспірім не болып жатқанын, неліктен ашуланып немесе қайғырып шыға келетінін өзі де түсінбейді. Оған өмірдегі осы кезеңнің ерекшелігі, физикалық және эмоционалды жағдайдың ағзаға қалай әсер ететініні жайлы айтыңыз. Баламен өз басыңыздан өткен тәжірибеңізді бөлісіңіз.

• Жасөспірімге тән өзінің сырт келбетіне сыни тұрғыдан қарай беруді жеңуді балаға үйретіңіз. Тек шектен тыс асыра мақтаудан аулақ болыңыз. Сырт келбетіндегі мықты жақтары мен жеке қасиеттерін ғана көріңіз де, оның да назарын соған аударыңыз. Стиль мен шаш үлгісін таңдауға жәрдемдесіңіз, егер өзі қаласа, қажетті спорт секциясына жазыңыз.

• Ережелер белгілеңіз. Ереже кез келген жаста қажет: ол жасөспірімге де, ата-анаға да тұрақтылық пен қауіпсіздік сезімін береді. Бұл – күн тәртібі, үйге қайтатын уақыты, бір жаққа барып-келуді қадағалау әдісі, гаджетке бөлінетін уақыт, үй шаруасындағы міндеттер болуы мүмкін.

• Баланың өтпелі жасы ата-ана үшін міндетті түрде қиындықтар болады дегенді білдірмейді. Екі жақ үшін де елеусіз өтіп кететін кезі де аз емес. Бұл тарауда біз мінез-құлқы қиын жасөспірімдердің ата-аналарына көмек көрсету тетіктерін қарастырған жоқпыз, тек есею кезіндегі қиындықты жеңуге септігін тигізетін қарым-қатынас ережелерін ғана айттық.

Pulsuz fraqment bitdi.