Kitabı oxu: «Көзге көрінбейтін қабырға»
«КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ҚАБЫРҒА»
Ой толғаулар мен сырлы сөздер жинағы
Автор: Еркінова Інжу
АҢДАТПА
Мынау ұлы дүниенің ең үлкен қасіреті — адамның айдалада жалғыз қалуы емес. Ең ауыр соққы — жәннаттай жарқыраған әсем қаланың ортасында, сырт көзге мінсіз көрінетін зәулім үйлердің ішінде, ең жақын адамыңмен бірге отырып, бөтен жанға айналу.
Бұл кітап — «ел не айтадымен» маска тағып, сыртта күліп, үйде мұздай суық күй кешетін мыңдаған тағдырлардың үнсіз айқайы. Бұл — жоғалған сенім, үнсіз жазалау мен салқын шаңырақ астындағы бала жүрегінің жарасы туралы өмірлік зерттеу. Бұл — жас болсам да, тағдырдың ерте есейткен соққыларына сынбаған ішкі рухымның ақиқаты.
І ТАРАУ. ТӘН СЕРІКТІГІ МЕН ЖАН ЖЕТІМДІГІ
Нағыз жалғыздық — қаптаған халықтың ортасында, тіпті өзің «жақыным» деп санаған, өміріңді байлаған жанның қасында отырып, іштей жалғыздықтан қажу. Сырт көзге бәрі тамаша, бәрі мінсіз көрінуі мүмкүн. Бірге ішілген таңғы шай, бір шаңырақ астындағы баянды тіршілік, сырттай сыпайы сөйлесулер... Бірақ бұл — тек сыртқы жылтыр қабық қана. Ішкі әлемде, екі жанның арасында Қытай қорғанындай биік, мұздай суық қабырға тұрады. Тән жақын, бірақ жан жүздеген, мыңдаған шақырым алыста. Бұл — тірідей оқшаулану.
Қасымдасың, бірақ та тым алыссың, Арамызда үнсіздік — шың, ағыс тым. Жақын жүріп, жат болудан асқан не бар? Жүрек байғұс мұңымен қалай ұғыссын...
ІІ ТАРАУ. ҮМІТТІҢ СӨНГЕН СӘТІ
Адам баласы толықтай соқыр жалғыздықта қалғанда, ол бұл күйге еріксіз бейімделеді. Өзімен-өзі сырласады, тағдырын қабылдайды. Ал қасында адамы бар болып, бірақ одан ешқандай жылулық таппаған сәтте адамның жаны екі есе езіледі. Себебі, мұнда үміттің өлуі бар. Сенің ең жақын адамың сенің қуанышыңа балаша қуанбаса, іштегі мұңыңды бөліспесе, жанарыңдағы көлеңкені байқамаса — бұл сенің бүкіл болмысыңның сол адам үшін құнсыздығын көрсетеді. Саған ең қымбат жанның бөлмесінде сенің сезімдеріңе орын болмаса, іштегі үміт шырағы біртіндеп сөне бастайды.
Pulsuz fraqment bitdi.