Kitabı oxu: «Екі таңдау»
1-бөлім
Жан-жағы тіршіліктің шәрбаті таусылған жалаңаш ағаштар, қос аяқ жолмен ақырын аяндап келем. Қайда? Не үшін? Кім білсін, маңыздысы ол емес. Кейде ғана қытыр етіп табанымның астындағы құрақ, сары-қызыл күзгі жапырақтарының паршасы шыққан дауысы естіледі. Биыл тағдырымның көңіліме жара қалдырған ісіне міне 11 жылдан асса да, мен әлі де сол күндерге ойша көп сапар шегіп келем…
Оның сыңғыр күлкісі… Қысқа, әдемі қоңырқай шашы… Па, шіркін, оның ыстық әм соңғы құшағы… Ол сөйлегенде өзге әйелдер секілді шұбартпай, нығыз, аз әрі түсінікті сөйлейтін… Өмірінен сыр аша бермейтін құпия һәм айқын жан еді… Бір кеште ол маған жасаураған көздерімен қарап:
– Тимур, мына сұм жазмыштың қылғаны көп, соның үшін мен бүршік атпаған шиедей, бөгдеге ашылуым неғайбыл… Суықпын мен, суық! Сыртым жылымық болғанымен, ішім мұз… – Ол аз үнсіздіктен соң: – Оны ерітер құдірет сенде де, менде де жоқ… – деді.
***
2007 оқу жылының басы, мен жоғарғы оқу орнына түстім. Баспалдақпен жоғарылап жатып Сараны алғаш рет көрдім. Қысқа қоңырқай шаш, орта бойлы, ағылшын тілі мұғалімдерінше сәнді киінген. Менің қарап қалғанымды байқады ма, жоқ па, оны анық білмеймін, ол құшағында бір бума қағазбен шұғыл төмен түсіп кетті.
Аптаның үшінші күні шет тілінде ол кіріп келді. Ауызым ашылып – sit down please – дегенін құлағымның жанынан өткізіп, состиып қалыппын. Бір кезде барып есім кіріп, отыра қалдым. Қыздар сыбыр-сыбыр шүйкілдесе кетті. Сабақтың ақырына шейін екі құлағым ду қызылға боялып, ұяттан кірерге тесік таппай, мазам қашты.
Аптадан апта, күннен соң күн уақыт зырғып жатты. Менің оған деген рұқсатсыз сезімім күннен күнге өршіп, ақыры аяғы күні бүгінге дейін толық жазыла қоймаған дертке айналған-ды. Толстойдың мыңға татар бетке айналған дерті “Анна Каренина” болса, менің ауруым – Сара болды… Мендегі ықыласты ол ертерек сезген, алайда мен оған тым қызық емес едім.
27 жасыңа дейін оның неге әлі де тұрмыс құрмағанын, басқалары секілді біреудің етегінен ұстап, тағдырын сеніп тапсырмағанын… Ол кезде түсінуім екіталай, бірақ осы күндері оның жан дүниесін тым жақсы түсінгендеймін. Алайда, қырық сырлы әйел затын әзелден кәміл түсінген кісі жоқ шығар…
***
Сенбі күні ауылға қайтуым керек-тін. Аялдамаға келгенімде, жүзінде ауыр зілі бар, майысқан садақша, жалғыз отырған Сараның үстінен түстім. Аз кідіріп жанына отырдым, ол көзінің қиығымен бір қарап алды да, жым қалпынан айнымады. Арамыздағы ыңғайсыздық пердесі сәт санап салмақ басып жатты. Болмаған соң терең күрсініп:
– Сәлеметсіз бе, апай. – деп қойып қалдым.
– Сәлеметсіз! Иә, қайда жол тарттыңыз?
– Ауылға.
– …
– Сіз ше? Қайда? Әлде қайдан келесіз? – ол аз үнсіздіктен кейін, нәзік алақандарын орындық жиектеріне тіреп, көзін тебіс темірге тастап:
– Шаттық аралына кеткім келеді… – деді. Артынша бұзықтық қылған баладай дауысы өзгеріп: – Қаперіңе алма! Жақсы, сәт сапар! – деп қосып, орнынан жылдам тұрып, көзден ғайып болды.
***
Дүйсенбі, күн ашық, алайда күзгі салқын самал аздап тоңдырады. Университетке барар жолда бұрнағы күнгі Сараның “Шаттық аралына кеткім келеді…” деген сөзін көп ойладым. Неге шаттық? Неге бақыт немесе арман-қиял аралы емес??? Осы шат деген не өзі..?
Сабақ басталғанда апай маған басқаша көздерімен бір қарады да, кейін пара аяқталғанша сұлу жүзін мен тарапқа бұрған емес. Бұл ісінде бір қымсыну яки ыңғайсыздықтың зайыр нышаны бар еді.
Көзім әйнекке түсті, біздің ауланың нақ ортасында діңі қалың, көлеңкесі кең, алып емен ағашы бар. Ол ағаштың осылайынан көкке бойын тіктеп тұрғанына екі жүз жылдан асыпты. Жалпы емен ағашы бес ғасырдай өмір сүреді екен. Он бес буынның ауысқанына куә болатын бұл ағаш. Әлемнің тез келген хәкімi жинай алмайтын даналықты бір бойына жиып, аузы буылған, еш ашылмаған, іші тола қазына қапшық секілді мына фәнимен ләм-мим деместен қош айтыспақ.
Осы керемет ағашқа қараған сайын тұла бойымды өзгеше толқыныс билейді, етегіне жайғасып бар сырымды ақтарып, енді бұл құпияны өзіңмен бірге көрге ала кет дегім келеді. Неге олай? Тоба, адам ағашқа сыр шағушы ме еді..? Мүмкін, ішімдегі әңгіменің салмағы тым ауыр болғандықтан, оны бір көтерсе осынау қасқайып тұрған алып емен көтерер деп ойлаған шығармын…
Pulsuz fraqment bitdi.